ЖАҢАЛЫҚТАР
«Қазконтент» қызметкерлері медиа саласында біліктілігін арттырды

Биылғы жылдың 24 маусым мен 2 шілде аралығында компаниямыздың қызметкерлері медиа саласындағы жаңа трендтерге арналған семинар-тренингтерге қатысты. Редакторлар мен журналистер ақпарат берудің ең өзекті және жетілдірілген форматтарымен, сондай-ақ дағдарысқа қарсы PR ғана емес, деректерді визуализациялау әдістері арқылы осы салада өздерінің машықтарын дамытты.

Тренинг кезінде талқыланған маңызды тақырыптар: жаңалықтар порталы журналистерінің жедел жұмысының ерекшеліктері, материалдарға арналған дұрыс ақпаратты қалыптастырудың машықтарын дамыту, PR-стратегияларын құру мен жүзеге асыру, әлеуметтік медиада жұмыс істеу және журналисті бағыттау дағдыларын дамыту.

«Тренинг жоғары деңдейде өтті. Әлеуметтік желі жұмыстарында сторителлингтің маңызы, сауаттылық және медиа саласындағы трендтерге кеңінен тоқталып өтті. Барлық тақырыптағы тренингте өзекті тақырыптар қозғалып, алған білімімізді іс жүзінде міндетті түрде қолданамыз деген үміттемін», - деді «El.kz» интернет-жобасының шығарушы редакторы Руслан Беген.

«Маған интерактивті ойын түрінде өткен тренинг форматы өте қатты ұнады. Қазіргі таңда материал тақырыптарына дұрыс атау қою мен әлеуметтік желілерде контенттердің, әсіресе, фотосурет пен видеоны оқырмандарға тартымды әрі ерекше түрде ұсыну секілді көкейкесті мәселелер қозғалды», - дейді «Әдебиет порталы» интернет-жобасының шығарушы-редакторы  Малика Мурсалимова.

Ал тренингтерді медиа саласының үздіктері – Өркен Кенжебек, Дана Рысмұхамедова, Ольга Коваленко және Тимур Бектур сынды тәжірибелі блогерлер мен тренерлер өткізді. Тренинг барысында қызықты әрі пайдалы ақпараттармен бөлісті. Қазақ және орыс тілдерінде өткен тренингтер соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.