|
АСТАНА. Қыркүйектің 5-і. BNews.kz – Қазақстандықтарға е-үкіметпен жұмыс істеудегі жеке тәжірибесі жайлы бейнеролик түсіру ұсынылды, деп хабарлайды Байланыс және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
«2011 жылдың 2 қыркүйегі мен 31 қазаны аралығында «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Egov.kz бәріне ашық, әркімге қолайлы» тақырыбында бейне түсіру бойынша шығармашылық байқау жариялайды.
Байқау қатысушылары «электрондық үкімет» порталының қызметтерін пайдалану бойынша жеке тәжірибесі жөнінде бейнеролик түсірулері керек.
Байқауға қатысатын жұмыстар үш аталым бойынша іріктелетін болады: «Үздік комедиялық бейне», «Триллер жарнындағы үздік бейне», «Үздік драмалық бейне», -делінген хабарламада.
Сонымен қатар байқауға кәсіпқой бейнекамерамен қатар жай ұялы телефон камерасына түсірілген бейнелер де қатыса алатындығы ескерілген. Байқау материалынына қойылатын басты талап – озық бірегей идея.
Әр аталым бойынша байқау жеңімпаздарына берілетін сый - смартфон.
Барлық жұмыстар «Бейне-байқау» белгісімен электрондық нұсқада press.mci@mci.gov.kz поштасы бойынша қабылданады. |